Стамбул сапары
Заметка путешественника Турция, Стамбул - Август 2012 Книга автора
Қазіргі Түркияның бас қаласы, бұрынғы Осман империясының астанасы, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Стамбулды бір көру көптен бергі арманым болатын. Содан аяқ астынан, жазғы демалысқа шыққан бетте Стамбул шаһарына жол тартып, саяхатқа шығып кеттік, шындығында бұл саяхатқа көп дайындалған жоқ едік. Себебі қазіргі заманда жету де келу оңай ғой.
1-фото. Стамбул шаһары
2-фото. Константинополь мен Стамбул қабырғаларының синтезі
3-фото. Рум дәуірінің қоңырауы
1-күн. Сонымен «Эйр Астананың» еліміздің бас қаласынан Стамбул бағытына ұшатын әуе көлігіне отырып, Түркияға бағыт алдық. «Түбі бір түркі жұрты» дегенмен, баратын жерімді алдын ала зерттеп, өзімізше бағдарлама жасап алдық. Сөйтіп 6 күніміз 1 күндей өте шыққаны бар (өз басым жағажайда дем алып жатсам екінші күннен кейін ішім пыса бастайды, мені қызықтыратыны тарихи жерлер мен мәдени құндылықтар).
4-фото. Стамбул, Сұлтанахмет алаңынан бір көрініс
Стамбулдың тарихи орындары мол Сұлтанахмет ауданына түсетін болып шештік, өйткені алып шаһардың негізгі тарихи орындары осында орналасқан еді.
Кешке ұшаққа отырған біздерді түн ортасында Стамбулдың «Ататүрік» әуежайында қонақ үй («Хали» қонақ үйі, кейін сөздіктен қарап алсам «хали» деген сөз «кілем» деген сөзді білдіреді екен, қазақтың «қалы кілім» деген сөзіне келетін сияқты, өйткені ол ауданда кіл қалы кілемдер сатылатын) қызметкерлері қарсы алды, оған дейін Астанада отырып, алдын ала тапсырыс берген болатынбыз (баяғыда ауылда өзіміз лақтырып тастаған небір алаша кілім болсын, арабы кілем болсын, кілемнің неше атасын осында табуға болады, сол қонақ үй маңындағы еркектердің бар ісі кілем сату сияқты, таңғы 5-6-дан тас қарайғанға дейін шайларын ұрттап алып, кілем сатып отырғандары).
5-фото. Стамбул, Мысыр обелискісі
Әуежайға түскен бетте басқа ғаламшарға түскендей болдық, бәрі өзгеше, адамдардың түрлерінен бастап киім киістері мен өздерін ұстауына дейін басқаша.
Ұшақтан түскен бойда жол терминалымен жүріп келеміз, нағыз еріншектерге арналған дерсіз, еш қозғалмайсыз, жол терминалымен тек жылжи бересіз.
Ұшақтан түскен шамалы қазақ-түрік аралас жолаушыларымыз әуежайдағы сан мыңдаған адамдар арасына сіңісіп жоқ болды, өзімізді аздап «жетім» сезініп тұрмыз.
Сөйтіп келе жатсақ бір шағын топ болып Түркия қазақтары әуежайда отыр екен. Әншейінде Қазақстанда ешкімге әрі ештеңеге де мән бермейтін мен, сан мыңдаған адамдар ішінен қазақтарды танып қалып, сапарымыз «ақ жол» болады екен деп жақсы ырымға жорыдық, олардың қазақ екенін көздерінен танып тұрмын. Бұрын Астанада өткен Дүние жүзі қазақтарының құрылтайында да Түркиядан келген қазақ ағайындармен кездескенім бар еді.
Сыртта такси күтіп түрған болатын, олармен бір екі ауыз тіл қатысып, сыртқа беттей бердік.
Жүктерімізді алып сыртқа шықтық, тамаша жері, такси әуежайдың дәл шыға беріс жеріне келіп тұрады екен.
Күтіп алушыларымыз шамалы қол жүктерімізді көтерісіп алды, таксиге отырып, Сұлтанахмет қайдасың деп жол тарттық.
Күтіп алушымыздың біреуінің аты Торғай екен, мен қазақ тілінде торғай деген құс бар екенін, мағынасын түсіндіріп жатырмын.
6-фото. Стамбул, Айя Софияның ішінен бір көрініс
Оның айтуынша «торғай» деген сөз «бүркіт» мағынасын білдіреді екен, ішімнен ойлап қоямын, бұл кісі есімін қомсынып тұр не «торғай бүркіт болғысы келеді».
Түнгі Стамбулмен жүйткіп отырып, қонақ үйімізге де жетіп қалдық.
Сонымен бұл түні қонақ үй маңына шамалы серуендеп келген соң, жолдан шаршап келуіміз бар, оның үстіне климаттың айырмашылығы бар дегендей бірден шырт ұйқыға бата кеттік.
7-фото. Стамбул, Айя Софияның ішінен тағы бір көрініс
2-күн. Таңертең тұрып алған соң, таңғы асымызды ішіп алып, Сұлтанахмет ауданын аралауға кірістік.
Бұл күні Сұлтанахмет мешітіне кірдік (жалпы Сұлтанахмет ауданы Стамбулдың Еуропалық жағына орналасқан, Сұлтанахмет ауданы ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасына енген, аудан аты Сұлтанахмет мешітімен байланысты), Топқапы сарайы мен Археологиялық мұражайды араладық. Айя Софияға кіретін адам тым көп, ертерек келіп оған билет алу керек екен.
8-фото. Стамбул, Қытай сәулетінің ізі білінеді ме?
Енді, оқырманға түсінікті болу үшін оларға шамалы тоқтала кетсем.
Қонақ үйден тура жүре берсеңіз алдыныздан үлкен алаң кездеседі, оның аты Сұлтанахмет алаңы деп аталады.
9-фото. Стамбул, Жылан колоннасы
Бұл жерде төрт ескерткішті атап өткен ләзім, олар: Жылан колоннасы (түркіше Yılanlı Sütun деп аталады), Мысыр обелискісі (түркіше Dikilitaş деп аталады), Константиннің обелискісі (түркіше Örme Dikilitaş деп аталады), сондай-ақ, Неміс субұрқағы (түркіше Alman Çeşmesi деп аталады).
10-фото. Стамбул, Адалары
Алаң толған ығы-жығы халық, көбі Түркияның саяхаттап келген ішкі өңірлерінің өз халқы және басым көпшілігі шетелдіктер, ең алдымен, еуропалықтар (немістер, испандар, француздар), араб елдерінен келушілер (Ирақ, Тунис, Алжир, Сауд Арабиясы), американдықтар мен бразилиялықтар, жапондар мен филиппиндіктер, орыстар мен кавказдықтар, аздаған қазақтар (Қазақстандық қазақтардың бәрі Лалели деп аталатын ауданда сауда ісімен жүр деп естідім), қысқаша айтқанда менің 2 жасар баламнан бастап қалт-құлт етіп аяғын әрең басып келе жатқан еуропалық саяхатшы кемпірге дейін жүр (ақ нәсілді де, қара нәсілді де, монғол нәсілді де осында).
11-фото. Стамбул, кемелер
Фотоаппаратыммен сартылдатып суретке түсіріп жатырмын, 6 күнде мыңға тарта сурет түсіріппін, енді шынында фотоға түсіретін әсем де әдемі тарихи ескерткіштері өте көп екен.
Алаңды асықпай аралап болған соң (оның өзіне біраз уақытымыз кетті) Сұлтанахмет мешітіне бардық, кезіндегі Осман империясы дәуірінің ескі мешіті екен, шетелдіктер мұнда да толып жүр, аяқ-киімімізді шешіп ішке ендік, сондай әсем көрінеді екен.
Бұл мешіт алты мұнаралы, оны салған әйгілі Синан шебердің шәкірті Седефкар Мехмет Ага екен. Мешіттің алты мұнарасы туралы мынадай аңыз бар. Мешітті салу барысында 1-ші Ахмет сұлтан 4 алтынды мұнаралы мешіт салуға бұйрық берген деседі, бірақ сәулетшілер қағыс естіген болуы керек (алтынның орнына алты) алты мұнаралы мешіт салған.
12-фото. Стамбул, Адалары, Еуропа сәулет өнерінің ізі сезіледі
1-ші Ахмет сұлтан өз дәулетінің біраз қаражатын осы мешітті салуға жұмсаған деседі.
Айтқандай осы ауданда Хюррем сұлтанның хамамы бар екен, көп елдер суретке түсіп жатыр («Сүлеймен сұлтан» фильмін басында қызығып көріп едік, артынан сағыздай созылып кеткеннен кейін көруді қойдым), естелік болсын деп ол маңнан әртүрлі ескерткіш заттар сатып алдық. Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған Сүлеймен сұлтан мен Хюрремнің махабатының желісіне құрылған бұл фильмді сынаса да, осы фильмнің Түркия туризміне жұмыс істеп жатқан түрі бар. Керек десеңіз кезінде Осман империясы құрамында болған Балқан елдері сол дәуірдің тарихи ескерткіштерін қалпына келтіріп, туристерді тартуда.
13-фото. Стамбул, Адаларыдан тағы бір көрініс
Одан әрі Топқапы сарайына бардық.
Сарай алдындағы күзетшілердің бірі өзімізден кеткен Ахыскалық (месхеттік) түрік ағайын екен, шамалы сөйлесіп қалдық, Қазақстанды сағынған болуы керек, біраз мұңын шақты.
Бұл Осман сұлтандарының басты сарайы болған екен. Түріктер Константинопольді Стамбулға айналдырғанан бері 400 жыл қызмет еткен сарай (Долмабақшаға көшкенге дейін) талай Осман патшаларының үйі болған. Мені сондай таң қалдырғаны тарихи жәдігерлердің молдығы болды, кезінде Византия императорлары да Осман сұлтандары да қол астындағы елдердің барлық тарихи заттарын осында әкеле берген сияқты.
Маған сарайдың сәулетінде Қазақстан мен Орта Азияның сәулет өнерінің ізі бар сияқты сезілді (мүмкін Сыр бойынан ауып барған оғыз тайпалары сәулет өнерінің бұл жақтағы дәстүрлерін ол жақта да жалғастырған болар).
Жалпы, түріктер тарихи ескерткіштерін жақсы сақтаған екен әрі оларды ұтымды пайдаланып отыр. Бір ғана мысал келтірейін, 2012 жылы Түркияға 32 млн. турист келген болса, оның ішінде 12 млн. турист Стамбулға барған екен, ал 2014 жылы Түркияға 43 млн. турист келеді деп күтілуде. Стамбулдың өзі туристер саны бойынша Еуропа бойынша Лондон мен Парижден кейінгі үшінші орын алады екен, ал Түркияның өзі Әлем бойынша туристерді қабылдаушы он елдің қатарына кіреді екен. Жері де табиғи ресурстары да аз болуына қарамастан түрік ағайындар туризмді табыс көзіне айналдырыпты.
14-фото. Стамбул, Адаларыдағы теңіз лицейі
Археологиялық мұражайлары тіпті керемет, онда жәдігерлер асқан ұқыптылықпен жиналғаны көрініп тұр, көңіліме қаяу түсіргені бір картада Қазақстан аумағы Ресей жері деп белгіленіп тұр, мен мұны мұражай қызметкерлеріне айттым, олар бұл карта Кеңес Одағы ыдырамай тұрып жасалған карта деп түсіндірмекші болды, мен біздің тәуелсіздікті 1991 жылы алғанымызды, тәуелсіздігімізді бірінші болып таныған Түркия екенін де түсіндіре кеттім.
Түс кезінде «Бұхара» мейрамханасына барып тамақ іштік, палау сұратып едік, ет қосылмаған күріш алып келді, біздегідей палау қайдан болсын деп ойладық, бізге қызмет көрсеткен мейрамхана қызметкері грузин ұлтынан екен, ол түрік палауының мәнісін түсіндіріп әлек.
Қазақ қашан етсіз жүрген, кешке еті бар еуропалық ас іштік.
Сонымен бұл күні жаяу жүреміз деп иттей шаршадық. Төсекке басым тиген бетте қатып қалыппын.
15-фото. Стамбул, жақыннан қарағандағы Адалары
3-күн. Әлқисса, бұл күні Стамбул түбіндегі аралдарға саяхатқа бардық (өздері «адалары» деп айтады екен, «аралдар» деген мағына береді, кезінде Осман империясы кезінде ханзадаларын жер аударатын болғандықтан, «Принц аралдары» деп те атайды). Ол үшін Сұлтанахмет ауданынан трамвайға отырып, Кабатаж аялдамасына дейін жетесіз, одан соң қарсы алдыңызда паромдарға отырғызу жүріп жатады, айтқандай кемеге билет алуды ұмытпаңыз.
16-фото. Стамбул, Адаларыдағы армян тіліндегі жазу бар ғимарат
Ашық теңізге шығып, кемемен бірнеше аралдарға барасыз, біз бір үлкен аралға бардық (өздері «қызыл аралдар» деп айтады екен).
Кемедегілердің көпшілігі шетелдіктер немесе аралдарға демалысқа бара жатқан Стамбул тұрғындары.
17-фото. Стамбул, Адалары, біздің серіктеріміз - неміс туристері
Аралдарда көлік жүрмейді екен, велосипедке мініп немесе ат арбаға отырып серуендеуге болады екен. Бағасы бір арбаға 50 лира екен, біз Германияның екі туристімен бірігіп 25 лирадан төледік. Мені таңқалдырғаны аралда армян жазуы бар үйді көруім, оны фотоға түсіріп алдым. Кейін Стамбулды аралау кезінде армян тіліндеге жазуы бар тағы басқа да ғимараттарды көрдім.
Теңіз суына түсіп, жақсы дем алдық, естелікке заттар алып, кешке қонақ үйге қайтып келдік, кемеде Германиялық түріктердің отбасымен таныстық, негізі ағылшынша-немісше-түрікше-қазақша қосып «қойыртпақ» тілде бір бірімізді түсіндік. Менің қалта аударма құралымда «Ұлытау» тобының клипі бар еді, соны көріп, олар таң-тамаша қалды.
Бұл күніміз жақсы өтті, Кабатаждан қайтадан Сұлтанахметке қайта жол тарттық.
Бұл күні теңіз тақырыбы болған соң балық мейрамханасына барып тамақ іштік.
18-фото. Стамбул, отбасыммен бірге (Адалары)
Олардың, яғни мейрамхананың иелері әр клиентімен амандасып, өзі ертіп барып төрге шығарады (енді осындай жағдайды Қазақстанда елестетіп көріңізші, мен бәрібір көзге елестете алмаймын). Сосын қандай тамақ ішесіз, қай тілде сөйлесесіз деп сұрайды. Менің көзімше мейрамхана қожайынының клиенттермен бірде немісше, бірде ағылшынша, бірде испанша, бірде португалша сөйлесіп жатқанына қарап таң қалдым? Бізде 20 жыл тұрып, ананы-мынаны сылтау етіп, 20 сөз үйрене алмай жүргендер бар, бірақ бәрі қажеттіліктен туады екен деп ой түйдім.
Мейрамхана қожайынына Қазақстаннан келдік дедік, балық тағамына тапсырыс бердік.
Ол менен «Бақшасарайды білесің бе?» дейді. Мен әрине, ол кезіндегі Қырым хандығының астанасы, басты қаласы ғой дедім. Сөйтсем тегі қырым татары екен, мен оған өзімнің де Қырым татарлары туралы бір мақала жазғанымды, көп теперіш көрген халық екенін айттым, сөйтсем Стамбулда қырым татарлары, ноғайлар (әсіресе қырым татарлары) көп екен. Кей деректе Түркияда тегі 5-6 млн. қырым татарлары бар екенін білетінмін. Бір заманда Қырым жұртының да басына азаттықтың күні туарына тілектестігімді білдірдім. Қанша дегенмен Қырым жұрты қазақ халқына да бөтен емес қой. «Қырымның қырық батыры», «қызың Қырымға, ұлың Ұрымға кетсін» деген сөздер жай шықпаса керек?
19-фото. Сұлтанахмет мешіті
4-күн. Әлқисса, бұл күні қонақ үйден таңғы асымызды ішіп алған соң Сұлтанахмет алаңына аяңдап қайта келдік, қайта келген себебіміз, біріншіден Айя София мешітіне кіру. Оны түске дейін араладық, Айя Софияны көпшілік жақсы білетін болғандықтан, әңгімемді үзіп автобуспен (мұнда Лондондағыдай екі қабаттан тұратын туристерге арналған автобус бар) қала аралағанымызға тоқталсам. Бұл автобустардың қозғалысын, бағыттарын алдын ала келіп, қарап, зерттеп кеткен болатынбыз.
Автобустардың жақсы жері, қаланың тарихи орындарын аралайды, қалаған жеріңізден түсіп қалып (сол түсіп қалған жеріңізге шамалы уақыттан кейін басқа дәл сондай автобус келіп тұрады, оған отырып, сапарыңызды жалғастыра бересіз), көремін деген жеріңізді, ұнаған нысананы аралауыңызға болады, бұл автобустар қалалық әкімдіктің меншігінде, іші сондай ыңғайлы, ең жиі таралған тілдерде түсіндіріп отыратын ақпараты бар, құлағыңызға киіп аласыз да тыңдай бересіз.
Екі құрлықты жалғастырған көпір үстімен өттік, Таксим алаңын араладық (бұл жерді нағыз қарсылық алаңы деп атауға болады), халық бұл жерде де өтекөп жүреді екен, саяси оқиғалардың «барометрі» деуге болады, біз барғанда солшыл күштердің шеруі өтіп жатты, бірақ менің қатты есімде қалғаны, автобусымыздың түрік футбол жанкүйерлерінің қоршауында қалуы, бұл бір қызықты әрі қорқынышты оқиға болды.
Қазақстандағы футбол жанкүйелерін көріп жүрсем де дәл осындай футбол фанаттарын көрмеппін, стадионға лек-легімен ағылып бара жатқан футбол жанкүйерлері (өздері әндетіп барады, бірдеңелерін жағын айналаны көк түтін қылып жіберді), жағалай полиция әскерлері, жолдың бір жағында «Фенербахче» жанкүйелдері кетіп барады, ал жолдың екінші жағында «Бешикташ» па әлде «Галатасарай» ма, қарсы футбол клубының жанкүйерлері де өтуде, бір мезетте футбол фанаттары автобусымызды қоршап алып, автобусты шайқалта бастады, зәреміздің зәр түбіне кеткен жері осы болды, өздері бізден сұрап қояды, «қай команда күшті?», автобус ішіндегі туристердің бәрі «ойбай, сіздің команда керемет» деп айтудамыз, шамалы уақыттан кейін сабаларына түскен болуы керек, жолды босатып бетімізге жіберді.
Кешке қаланың Азия жағына өтіп, мейрамханадан кешкі ас іштік.
20-фото. Стамбул, бос жердің бәрі тиімді пайдаланылады
5-күн. Әлқисса, саяхатымызды одан әрі жалғастырсақ.
Әдеттегідей таңертеңгі асымызды ішіп алған соң қонақ үйден батыс жақтағы шамалы ғана (2-3 аялдамадай ғана) қашықтықтағы «Чемберлі ташқа» бардық. Бұл Констанитин деген император кезінде 330 жылы салынған биік мұнара екен, маңында көгершіндер көп, бір түрік әжесі жем шашып отырғанын байқадым, ұлым көгершіндерді қуып ойнап жатқан болатын, бір мезетте әлгі әжеміз «жем ал» деп ишарат білдірді, жемді алайын деп тақай бердім де ойланып қалдым, дәуде болса тегін емес шығар. Шынында да ол әженің жұмысы, мен сияқты туристерге жем сату екен. Дәл сол Чемберліташтан таяқ тастам жерде Қапалы чаршы базары (Жабық базар, яғни төбесі жабық базар деген мағына береді) тұр (немесе туристердің көптігіне байланысты ағылшын тілінде Гранд-базар, яғни Үлкен базар деп аталады).
21-фото. Византия мұрасы
Бұндай базарды өмірімде көрмеппін, дүниедегінің бәрі бар, бірақ Стамбулдықтар бұл базардан өздері бәлендей ештеңе алмайды екен, туристерге арналған ғой.
Базарға кірсем, киім сататын түрік саудагерлері орысша «кожа, кожа» деп жолымызды көс-көстей береді, мен «кожа-можаңның керегі жоқ» десем, ренжиді келіп, «кожа» алмайтын неғылған қазақсың деп.
Шайдың неше атасы бар екен және түрік тәттілерінің сан алуан түрі де осында, туған-туысқа деп сатып алдық. Қазақпыз ғой құр қол қайтпайық деп.
Енді бұл базарға шамалы тоқтала кетсем.
Мұнда күніне жарты миллион адам келеді екен, Дүниедегі ең үлкен жабық базарлардың бірегейі. Мына қызықты қараңыз. Базардың 58 көшесінде 4000 астам сауда нүктелері бар екен, тіпті базар ішінде мешіт пен молаға дейін бар деседі. Біздегідей «жол, жол» дейтін арба сүйретушілер жоқ. Тауарды бір ағаштан жасалған құралды арқаларына байлап сонымен көтереді екен. Базардың кереметін айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек көру керек. Бұл базардың тұрғанына жарты мың жылдан астам мерзім болыпты. Түріктер Стамбулды алғаннан кейін бұрынғы Рум базарының орнында пайда болған екен.
Базарды аралай беріп адасатын түріміз бар, жолда түрік тағамдарын пісіретін асханадан тамақ іштік те кері қайттық.
22-фото. Стамбул, Еребатан
Түстен кейін Еребатанға бардық, бұл жер астындағы су қоймасы, ежелгі Рум дәуірінен бері тұр, тура Айя-Софияның сол жақ бұрышында екен. Медузалардың судан шығып келе жатқан басы сондай қызықты әсер қалдырады екен. Балықтар да жүзіп жүр.
23-фото. Стамбул, Хюррем заманының балконы
Кешке қыдырыстан әбден қалжырап, қонақ үйге ілбіп келе жатсақ «қысық көз» Шығыс көршілеріміз біз тоқтаған қонақ үйге кіріп жатыр екен. Араларында кейбірінің түрлері қазақ-өзбекке ұқсайды ма өзі, бірақ маған түсініксіз? Бірақ ештеңеге мән берместен түнгі қалаға серуендеуге қайта шыққан бетіміз еді, артымыздан бір «қытайлық» жүгіріп келе жатыр. Сөйтсем, өзіміздің Қытайда тұратын қандасымыз екен, бағана қонақ үйге кіріп бара жатып, бір топ қытайлықтарды жинап алып жиналыс өткізіп жатқанын көргенмін. 2009 жылы Шыңжаңдағы оқиғалардан кейін Қытай мен Түркия арасына сызат түсіп, түсінбестік жағдай орын алғаннан кейін, қайтадан қарым-қатынас қалпына келіп жатқан түріекен. «Қысықкөздер» Қытайдағы бүкіл мұсылман халықтарының дін иелеріносында, «міне көрдіңдер ме, бізде қудалау жоқ» деп оларды алып келіп,түріктердің бір осал жерін тапқан сияқты. Солардың бәрін (ұйғыр-дұнған сияқты мұсылман халықтары) бастап жүрген араларындағы жалғыз қазақ жігіті екен. Қаншама «қытайды» бастап жүрген қазақ азаматына сүйсіндік.Қазақ қай жерде де қазақ қой біраз мәре-сәре болып қалдық.
6 күн. Соңғы күнімізді өз бетімізбен қала аралауға арнадық (түске дейін жүрдік). Қала аралап жүріп көшеде әсіресе, мейрамханалардың алдында ұйықтап жатқан мысықтарды көп көрдік, бір мейрамхананың алдында кәдімгідей жастық салып жатқызып қойыпты, мысықты қатты құрметтейді екен.
Қала көшелері тар, орталық көшелерде көлік қозғалысы біржақты, ауа-райы теңіз жағасында тұрғандықтан ылғалды болып келеді. Халық ығы-жығы. Қалада бір тыным жоқ, түні бойы ұйықтамайды.
24-фото. Стамбул, Осман сұлтандары осында жерленген
25-фото. Стамбул, Орта Азия сәулет өнерінің ізі білінеді
Түрік тауарлары Қытай тауарларымен салыстырғанда сапалы болады, сатушылар бастапқы айтылған бағасынан едәуір төмен сатады, бірақ тауардың ең төмен шегі болатыны тағы бар. Туристік аудан болғаннан кейін Сұлтанахметте бәрі қымбат.
Сөйтіп, түстен кейін бұл күнімізді Сұлтанахметте өткіздік, одан алыс кетпей, Түрік және ислам өнерінің мұражайына бардық, небір өнер жауһарлары осында екен, 40 000 мұражай заттары бар деседі. Уақыт болса әлі де баратын жерлер көп екен, заттарымызды жинастырып, өзіміз тапқан (Сұлтанахметтен 2-3 аялдамадай алыстау жер) супермаркеттен тағы да заттар алдық, қонақ үймен есеп айырысып, көлікті күтіп алдық та әуежайға кеттік.
Сонымен Стамбулдағы қызықты сәттеріміз де бітіп қалды, кешке Астана қайдасың деп ұшаққа отырып, елге ұшып кеттік.
Бәрі де өң мен түстің арасындай болды.
Астана – Стамбул – Астана
Авторы – Амандық Қорғанұлы Әмірхамзин
"На конкурс - Выиграй два билета в Турцию от TRAVELSYSTEM"
Отзывы и впечатления о поездке:
Природа и архитектура, и самое главное гостеприимство турецкого народа.
Советую продумать весь свой маршрут.
КОММЕНТАРИИ
Aigerim
Алматы
25 июля 2014
Balkhash
Астана
25 июля 2014
Tanya
г.Алматы
25 июля 2014
Dastan
Алматы
25 июля 2014
Azamat
Алматы
26 июля 2014
Balkhash
Астана
28 июля 2014
Balkhash
Астана
28 июля 2014
Balkhash
Астана
28 июля 2014